Петропавлда жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Береке шағын ауданында біреудің өмірі үшін өз өмірін қатерге тігіп, ерлікпен қаза тапқан Алтынбек Абдрахмановтың есімімен аталған өрт сөндіру депосының салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты рәсімге төтенше жағдайлар Министрі Шыңғыс Әрінов және облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Қала аумағында соңғы бұндай нысан 1975 жылы ашылды. Ал Береке шағын ауданында бай көтерген өрт сөндіру бөлімі соңғы 50 жылдағы алғашқы депо болып отыр.
Береке шағын ауданы қаламыздың қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі. Соңғы жылдары әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алды. Өрт сөндіру депосы заманауи техникалық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарына толықтай сай келеді. Нысан аумағында қызметті тиімді атқаруға қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған.
Депо құрамында алты пәтерден тұратын тұрғын үй бар, бұл мамандардың қызмет орнына жақын маңда баспанамен қамту мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, жаттығулар өткізуге және тактикалық дағдыларды пысықтауға арналған оқу мұнарасы салынған.
Салтанатты іс-шара барысында жаңа өрт сөндіру техникасының кілттері табысталды. Айта кету керек, Киров атындағы зауыт өрт сөндіру техникаларын заманауи байланыс құралдарымен, бейнебақылау жүйелерімен және арнайы дрондармен жабдықтады.