Добавить новость
Декабрь 2018 Январь 2019 Февраль 2019 Март 2019 Апрель 2019 Май 2019 Июнь 2019 Июль 2019 Август 2019 Сентябрь 2019 Октябрь 2019 Ноябрь 2019 Декабрь 2019 Январь 2020 Февраль 2020 Март 2020 Апрель 2020 Май 2020 Июнь 2020 Июль 2020 Август 2020 Сентябрь 2020 Октябрь 2020 Ноябрь 2020 Декабрь 2020 Январь 2021 Февраль 2021 Март 2021 Апрель 2021 Май 2021 Июнь 2021 Июль 2021 Август 2021 Сентябрь 2021 Октябрь 2021 Ноябрь 2021 Декабрь 2021 Январь 2022 Февраль 2022 Март 2022 Апрель 2022 Май 2022 Июнь 2022 Июль 2022 Август 2022 Сентябрь 2022 Октябрь 2022 Ноябрь 2022 Декабрь 2022 Январь 2023 Февраль 2023 Март 2023 Апрель 2023 Май 2023 Июнь 2023 Июль 2023 Август 2023 Сентябрь 2023 Октябрь 2023 Ноябрь 2023 Декабрь 2023 Январь 2024 Февраль 2024 Март 2024 Апрель 2024 Май 2024 Июнь 2024 Июль 2024 Август 2024 Сентябрь 2024 Октябрь 2024 Ноябрь 2024 Декабрь 2024 Январь 2025 Февраль 2025 Март 2025 Апрель 2025 Май 2025 Июнь 2025 Июль 2025 Август 2025 Сентябрь 2025 Октябрь 2025 Ноябрь 2025 Декабрь 2025 Январь 2026 Февраль 2026 Март 2026 Апрель 2026 Май 2026 Июнь 2026
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13 14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30

Поиск города

Ничего не найдено

Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені

0 72
Жаңа жылдың алғашқы күндері Шымкент халқы көп нәрсені басынан өткізді. Алғашқы күндердегі масаттану, "ояну" сезімі кейін белгісіздік пен үрейге, тәртіпсіздік пен бейберекеттік, өртеу мен қиратуға ұласты. Болған жайттан репортаж жазу үшін күндіз-түні көшеде болған мен де осының бәрін алаңдағы жұртпен бірге сезіндім. Бір түсінгенім – алаңдағы алаң жұрт пен хаосты ұйымдастырған бұзақылардың бөлек адамдар екені.


АЛҒАШҚЫ МИТИНГ, АЛҒАШҚЫ ҰСТАУЛАР

4 қаңтар, күндізгі сағат 12:00 шамасы. Шымкент қаласы әкімдігі, Көрме орталығы, Түркістан сарайы, Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры орналасқан әкімшілік іскерлік орталықты полиция күзетіп тұр. Ішке бірде-бір адамды кіргізбейді.


Іскерлік орталықтың "Метро" сауда үйі жағына ондаған адам наразылыққа жинала бастады. Арасында қоғам белсенділері мен қарапайым тұрғындар бар.


Шамамен 10-15 минут өткенде жай киім киген бір топ полиция қызметкері оннан аса адамды күштеп полиция көлігіне салып алып кетті. Олардың бірі "Назарбаев, кет!", екіншісі ары-бері өткен тұрғындарға "Қосылыңдар, қашанғы шыдаймыз?!" деп айқайлады.


Көліктегілер мен қоғамдық көліктегі адамдардың назары ұсталғандарда болғанымен реакция танытпады. Полиция қызметкерлерінің бірі "Тездетіңдер!", "Алып кетіңдер!", "Есікті жап!" деп бұйырып жүр.




Сағат 12:40 шамасында Назарбаев даңғылы бойында полиция көлігі көбейді. Іскерлік орталыққа қарама-қарсы бетке бірнеше жүк көлігі келді. Мұның алдында жүргізушілер жанармай мен газдың қымбаттауына наразылық білдіріп, көлікпен шығамыз деп келісіп жатыр деген хабар тараған.


Полиция жүргізушілердің кейбірін ұстады, қалғандарынан кетуді талап етті. Құжатын тексеріп, кетпесе айыппұл салатынын ескертті.


Сағат 13:20 шамасында жасы 20-30-дағы жиырма шақты жігіт наразылар қатарына қосылмақ болды. Оларды оннан аса полицей жол бойында қоршап алды. Жиналғандар "пікірімізді айтамыз да кетеміз" деп ашуланып жатты. Полиция олардың сөзіне құлақ аспай, күштеп көлікке сала бастады. Адамдар қарсылық танытқанымен, күштеп әкетті.


Ұсталғандар жаңаөзендіктерді қолдайтынын, жалақының аз екенін, күнкөріс қиындағанын айтып жатты.




Сағат 15:00 шамасында әп-сәтте жауын жауып, қалың тұман басты. Тұманнан не болып, не қойып жатқанын аңғару мүмкін емес. Тек полиция көлігінің дабылы әр жерден естіледі. Наразылардың қарасы көрінбеді. Жарты сағаттан соң оқиғаларды жазып, түсірген фото-видеоларды редакцияға жіберу үшін үйге қайттым. Осы уақытта телефоныма тыным болмады. Ұсталған белсенділердің туыс-таныстары қайта-қайта хабарласып, шағымдана берді.


ЕКІНШІ ҰСТАУЛАР. АШУЛЫ ХАЛЫҚ. ӘНҰРАН

Кешкі алтылар шамасында қаланың түрлі бөлігіне жиналып жатқандар туралы хабар алдым. Бір топ адам қала әкімдігіне бармақшы екен. Маған жақын болған соң қала әкімдігі алдындағы алаңға бардым.


Әкімдікті полиция күзетіп тұр екен. Бір сағаттай бақыладым. Алаң тып-тыныш. Бірді-екілі бейбіт тұрғын серуендеп жүр. Осы кезде наразылар "Колос" аялдамасынан Республика көшесімен жаяу шерулетіп келе жатыр дегенді естідім. Дереу таксимен жарты сағатта Республика көшесі мен Айбергенов көшесінің қиылысына жеттім.




Келе сала көргенім: көше апыр-топыр. Жолдың екі жиегінде полиция көлігі қаптап тұр. Көшені толық жауып тастаған. Полиция адамдарды бірінен соң бірін ұстап әкетіп жатыр. Жол жиегінде тұрған тұрғындарға "Тараңдар!" деп айқайлайды.


Бір кезде полиция рациясынан "адамдар театр маңына жиналып жатыр" деген дауыс естілді. Бірнеше полицей көлікке мінсе, бірнешеуі жаяулатып солай қарай жүгірді. Оларға ілесіп тұрғындар да солай қарай жөнкілді.


Мен де үш аялдама қашықта тұрған Орыс драма театрына қарай жүгіре жөнелдім. Көше тас қараңғы. Кімнің кім екенін танып білу мүмкін емес. Келсем мұнда да апыр-топыр ұстау. Ұсталғандардың "Не үшін? Не себепті?" деп айқайлаған жан дауысы естілді. Адам көп. Бірақ шашыраңқы.




Бір мезетте шыңғырған жас бала мен айқай салған әйелдің дауысы естілді. Дауыс шыққан жерге барсам, бала көтерген әйел полиция адамдарды күштеп салған газельді тоқпақтап жатыр екен. "Ашыңдар, ашыңдар, күйеуімді босатыңдар" деген ащы дауысы тым ызалы, тым аянышты естілді. Әп-сәтте жүздеген адам үймелеп қалды. Ұстаған полицейлердің өзі біріне-бірі "жібер, жібер" деп бұйырды. Көліктен бейәдеп сөз айтып, себепсіз ұсталғанына ызаланған ер адам шықты. Осыдан соң жан-жақтан ашумен айқай салып, ұсталғандарды босатыңдар деген адамдар көбейді. Арасында бір кісі "Жинал!" деп айқай салды. Бас-аяғы жарты сағатта мыңға жуық адам жан-жақтан үймелеп қалды.


Халық әуелі Асқаров көшесін жаппақ болды. Көпшілік арасынан "жолды жаппайық, жүргізушілер де халық қой" деген дауыс естілді. Осыдан соң жиналғандар театр алдына лек-легімен ағылды.




Театр баспалдағына тұрып, түрлі ұрандар айта бастады. Айқайлаған, ысқырған дауыстан құлақ тұнады. Кейбірі Қазақстан жалауын көтеріп тұрды. Бір уақытта хормен Қазақстан әнұранын шырқай жөнелді. Мыңдаған адам әнұранды айтқанда түнгі аспан жаңғырып кетті. Жастардың көзінде жалындаған от ойнайды. Осы көрініс пен әнұранның әсерінен төбе құйқаң шымырлайды.


МИКРОФОНСЫЗ ЖИЫН, ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ЖӘНЕ ӘКІМДІККЕ ШЕРУ

Осы кезде полиция шегініп, Әл-Фараби көшесінің бойына тізіліп тұра қалды. Бірер сәт жиналғандар да, полиция да не істерін білмей абдырып қалғандай болды. Полиция тек бақылап тұрды. Әр жерде наразылар өз талабын айта бастады.


"Жаңаөзендіктерді қолдаймыз!" "Қымбатшылыққа қарсымыз!" деген ұрандар бірте-бірте көбейіп, соңы жаппай "Шал, кет!" деген ұранға ұласты. "Тәртіп бұзбаңдар!" "Ештеңені бүлдірмеңдер, ештеңені сындырмаңдар!" "Арандатуға жол бермеңдер!" деп бірнеше адам қайта-қайта айтып жатты.


Адамдардың көзінде үрей жоқ. Бәрінің кеудесін қуаныш кернегені байқалады. Арасында "Біз де шықтық-ау!", "Бұған да жеттік-ау!" деген дауыстар естіліп жатты. Біріне-бірі қоңырау шалып, "келіңдер, жиналыңдар, осындамыз" деп жатқан жұрт. Ешкімнен қорқыныш байқалмайды. Бұрын-соңды мұндай атмосфераны көрмеген адам шынымен де ерекше сезімде болады екен. Мың-сан халық жылдар бойы жиналған шерін тарқатып, айбат шегіп, билікті еркін әңгімеге шақырып тұрғандай көрінді. Осы сәтте интернет үзілді.


Арада бір сағатқа жетпес уақытта халық саны шамамен 3 мыңнан асты. Осы кезде жұрт алдына қалалық полиция департаменті басшысы Ералы Жұмаханбетов келді. Қалың нөпір "газды қымбаттатты", "тамақты қымбаттатты, халық сонда не істеуі керек?" деп айқайлады. Жұмаханбетов "сабыр сақтаңыздар" деді. Осы кезде наразылардың бірі "тыңдайық, сабыр сақтаңдар" деп айқайлады. Екінші наразы "халықтың ойын дұрыс жеткізейік" деді.


Наразылар қала әкімінің келуін талап етіп, "Әкім қайда? Әкім келсін!" деп айқайлады.


Біраздан соң жұрт ортасына шыққан ер адам:


– Халықты ашуландыратын – қымбатшылық! Халықтың жағдайы өте төмен! Не үшін жиналдық? Соны айтып жеткізейік. Шуламайық. Бұзақылыққа жол бермейік, Арман ағаны тыңдайық! – деп орта жастағы кісіге сөз берді.


– Газ дейді, бензин дейді. Бұл – қарапайым тұрмыстық талап. Олай емес, газ, бензин кімнің қолында? Қытайдың қолында. Сондықтан барлық ұлттық байлық қазаққа қайтып берілуі керек, – деп әлгі кісі сөз бастады. "Биіктеу жерде сөйлеңіз" деп оны құптаған көпшілік қолтықтап театр баспалдағының үстіне шығарды. Сонда да дауысы естілмей, көпшілік ішінде жұтылып кетіп жатты.




Сәлден соң наразылар алдына қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан келді. Наразылар оған да талаптарын айтып жатты. Оны да баспалдаққа, биіктеу жерге шығарды. Оның да дауысы естілмей жатты. "Микрофон! Микрофон беріңдер!" деген дауыстар шықты. Микрофон келгенше наразылар Қазақстан әнұранын қайта-қайта дауыстап айта берді. Ысқырған, ұрандатқан дауыстар толастамады. Шамамен жарты сағаттай уақыт өткенде әлдекімдер дауыс зорайтқыш әкелді.


Шыңғыс Мұқан жиналғандарды сабырға шақырып, өкіметтің жағдайға байланысты жұмыс істеп жатқанын айта бастады. Оның жауабына құлақ аспаған көпшілік қайта шулап кетті. Микрофон қолдан қолға өтіп, түрлі талаптар қысқа-қысқа айтыла бастады.


Екі сағатта Әл-Фараби даңғылына он мыңға жуық адам жиналды. Ашу-ыза кернеген, билікке талап қоюға ұмтылған қалың нөпір түнгі 11 шамасында 10 километрдей қашықта тұрған қала әкімдігіне қарай жаяу шеруге шықты.




Өмірімде мұндай көп халықтың жиналғанын көрмеппін. Мен де сол нөпірмен бірге жол-жөнекей көргенімді фото-видеоға түсіріп кете бердім.


Наразылардың басым бөлігі 20-30 жас аралығындағы жігіттер. Арасында әйелдер де бар. Таңертең қала әкімдігіне наразылық білдіремін деп барғанда полиция ұстап әкеткендер мен белсенділер де жүр. Әрқайсы өзінше ұрандап барады. Транспарант ұстаған ешкім байқалмады. Соған қарағанда жиынға дайындалып келгендер жоқ сияқты.


Сол жүргеннен жүріп отырып, қалың нөпір Назарбаев даңғылына түсіп әкімдікке жетті.


"ОЯН, ҚАЗАҚ!"

Шеру арасында жеңіл көлікпен жүргендер патриоттық ән, күйлер қосып, дауысын қатты шығарып қойды. Жол бойы дауыстап Қазақстан әнұранын айтты. "Шал, кет!" "Назарбаев, кет!" "Оян, қазақ!" "Қазақстан, алға!" деп жеткенше ұрандатты. Арасында "Аллаху әкбар!", "Жамағат!" деп айқайлағандар да кездесті.


Әр жерден ысқырған, қол соққан, "Қосыл!", "Жинал!", "Жемқорлық жойылсын!" деп айқайлаған дауыс құлақ тұндырады. Бір сәтте мыңдаған халық үнінен бүкіл Шымкент тербеліп кеткендей болды.




Шерудің басы мен аяғы 2-3 километрге жетті. Арасында бір-бірімізді жоғалтып алмайық деп бірнешеуден қолтықтасып жүргендер көп. Кейбірі Шымкентке жақын аудандардан келгенін айтты. Жұрт көшенің екі жағындағы тұрғын үйлердің терезесінен қараған, көлікте отырған адамдарды қатарына қосылуға шақырып, үндеп жатты.


Көше қиылыстарында көліктерді тоқтатып, наразылардың жүріп өтуіне жағдай жасап, ұйымдастырып жүргендер көп болды. Арасында бұзақылыққа жол бермеуді, ештеңені сындырмауды, арандатпауды сұрап жүргендер де бар.


"Бауырлар, бұл жол да, ондағы шам да халықтың мүлкі. Өз мүлкімізді сындырмайық, бүлдірмейік!" деді дауыс зорайтқышпен сөйлегендер. Қала әкімдігіне жеткенге дейін ешқандай бұзақылық байқалмады.




– Үкімет 30 жылда халықтың жағдайын жақсартуға жұмыс істемеді. Халық аш, жұмыс жоқ. Айлық аз. Маңғыстау облысында газ бағасын 50 теңгеге түсірді. Бұл экономикалық тұрғыдан дұрыс шешім емес. Уақытша алдау, – деді Азаттыққа наразылардың бірі.


Шеруге қатысқан белсенді Ибрахим Әлсеркенің пікірінше, 30 жылда Қазақстанда мұндай наразылық болмаған. Жастар жүйені өзгерту үшін көшеге шықты. Талап қойды.


Демонстранттар шамамен екі жарым сағат жаяу жүрді.


Қалың нөпірге Шымкент қаласы әкімдігі алдынан мыңнан аса адам келіп қосылды. Олар бірігіп, әкімдік алдына барды да, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің келуін талап етті. Басқа талаптарын айта бастағанда әкімдік ғимаратына тас атылып, әлдебіреулер әйнектерін сындыра бастады. Сындырғандардың қайдан шыққанын байқау мүмкін емес. Жұрт арасынан шыққан жігіттер бұзақыларды ұстап алып кетіп, "Сындырма!", "Бүлдірме!" деп айқайлап жатты. Осы кездерде әкімдік алдында полиция байқалмады.


ҚИРАТУ, БҮЛДІРУ, ҮРЕЙ

Әрі қарай адам сенгісіз оқиғалар басталды. Жүздеген наразы әкімдік жанындағы Көрме орталығына қарай ағылды. Алыстан әлдебіреулер полиция көлігінің үстіне шығып, тепкілеп жатқанын, қолындағы затпен ұрып, терезесін шаққанын көріп, өз көзіме сенбедім.




Бұзақыларды жақыннан түсірмекші болып қасына бара жатқанымда олар полиция көлігін аударып тастады. Осы кезде "көліктің бәрін қиратайық" деген дауыс естілді. Бірақ қалың халық "Қойыңдар! Арандап қалмаңдар!" деп шыр-пыр болып жатты. Полиция көлігін қирату жалғаса берді. Тарс-тұрс, гүрс-гүрс дауыс тоқтамады. Он минуттың ішінде ондаған көлік қиратылып, түтін мен шаң араласып, ауаға көтерілді, жан-жақтан түскен жарықтан ауадағы шаң мен түтін анық көрінді.


Оқиғаны камераға түсіріп тұрғанымда белгісіз адамдар жаныма бірнеше рет келді. Бірі "мына жігіттерге обал болады, фото-видеоға түссе ертең қамалады, түсірмеңіз" деп сұрады. Оларға жауап бермей, әрі қарай түсіріп тұрған едім, екінші рет келгендер қолымнан ұстап, "Шетке шық, видеоға түсіруіңді тоқтат!" деп бұйырды.


"Журналист екеніңізді білемін, түсірмеңіз!" деді үшіншісі ашулы үнмен. Түр-тұлғасына көз салсам, сақал қойған, балағы шолақ шалбар киген 25-тердегі жігіт екен. "Кедергі жасамаңыз!" деп қолын итеріп едім, "Мына журналист полициямен бірге екен!" деп айқайлай бастады. Оның жанына мектеп жасындағы жасөспірім жүгіріп келді де, "Қазір ақиларға айтсақ, сындырады" деді. Әлгілер айқайлап, шақырғанымен, қолдауға ешкім келмеді. Біраздан соң "түсірмеңіз" деп ашулы үнмен ескерту айтқан белгісіз адам жөніне кетті.


Өзіме шабуыл жасалған соң жеке қауіпсіздігімді ойлап, сағат түнгі 3:00 шамасында алаңнан кеттім. Үйге кіргенге дейін белгісіз адамдар ізіме түсіп, аңдумен болды. Үйге кіргенім сол еді, әкімдік жақтан гүрсілдеген дауыс естілді. Осы кезде куәлар көліктер өртелгенін, тарату үшін күш қолданылып, оқ атылғанын, су шашылғанын телефонмен хабарлады. Бір сәт ойланып қалдым. Күні бойы көргенімді көз алдымнан өткіздім. Алаңдағы соңғы сәттегі көргендерім күні бойы әнұран айтып, "арандап қалмайық" деген бейбіт шерушілерге ұқсамады. Құдды арнайы қиратуға, бүлдіруге барған топ сияқты әсер қалдырды.




5 қаңтарда қалада интернет толық өшті. Сағат 12:00 шамасында қарулы полиция мен әскерилер тізіліп, әкімдікті жаудан қорғағандай күзетіп тұрды. Әкімдік жанында ондаған полиция көлігі төңкеріліп, қирап жатқанын көрдім.


Интернет жоқтығынан кешке дейін түнде түсірген фото-видеоларды редакцияға жібере алмай әуреге түстім. Қаланы белгісіз бір үрей басқандай. Кезіккен адамдардың көзінде таңданыс пен түсінбеушілік байқалады. Кешке шеруге қайта шығамыз дегендерді де естідім. Жағдайды айту үшін редакцияға хабарластым. Редакторлар Алматыда Азаттық тілшілеріне оқ атылғанын жеткізді. Қазір жеке бастың қауіпсіздігі маңызды екенін, алаңға шықпауымды, тек жағдайды сырттан бақылауды ескертті.




Түн ортасында әкімдік жақтан тарс-тұрс еткен дыбыстар жиі естіліп жатты. Телефоным безілдеумен болды. "Қайдасыңдар?" "Атып жатыр!" "Адамдар жараланды!" "Өлді!" деп бірнеше адам хабарласты. Не істерімді білмей өзім де әрі-сәрі күй кештім. Алаңға не барарымды, бармасымды білмей абдырап қалдым. Таңды көз ілмей атырдым.


6 қаңтар таңертең әкімдік алдына барып, төгілген қан, шашылған оқ пен тастарды, қираған, өртенген ғимараттар мен көліктерді көріп түнде келіп, журналист ретінде түсіруге тәуекел ете алмағаныма өкіндім.




 




Все города России от А до Я

Загрузка...

Moscow.media

Читайте также


Загрузка...
Rss.plus


Новости последнего часа со всей страны в непрерывном режиме 24/7 — здесь и сейчас с возможностью самостоятельной быстрой публикации интересных "живых" материалов из Вашего города и региона. Все новости, как они есть — честно, оперативно, без купюр.




Аша на Russian.city


News-Life — паблик новостей в календарном формате на основе технологичной новостной информационно-поисковой системы с элементами искусственного интеллекта, тематического отбора и возможностью мгновенной публикации авторского контента в режиме Free Public. News-Life — ваши новости сегодня и сейчас. Опубликовать свою новость в любом городе и регионе можно мгновенно — здесь.
© News-Life — оперативные новости с мест событий по всей России (ежеминутное обновление, авторский контент, мгновенная публикация) с архивом и поиском по городам и регионам при помощи современных инженерных решений и алгоритмов от NL, с использованием технологических элементов самообучающегося "искусственного интеллекта" при информационной ресурсной поддержке международной веб-группы 103news.com в партнёрстве с сайтом SportsWeek.org и проектами: "Love", News24, Ru24.pro, Russia24.pro и др.